Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында ЖҚЕ бұзған Toyota Alphard көлігінің жүргізушілері ұсталды

Жамбыл облысында полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін Toyota Alphard көліктерін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері тұрақты түрде жүргізетін жеке тасымалдаушылар жасаған бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша іс-шараларға қарамастан, олар жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп, жол ережелерін бұзуды тоқтатар емес. «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін Toyota Alphard көліктерін тоқтатты.

Олардың арасында қозғалыс жылдамдығының жоғарылауы, көру қабілетіне кедергі келтіретін алдыңғы әйнектегі сынықтар, қарсы көліктерге әсер ететін жарықдиодты шамдар және басқа да бұзушылықтар болды. Сондай-ақ екі Alphard көлігінің жүргізушілері қарсы жолаққа шықса, тағы екеуі жүргізуші куәлігінсіз көлікті басқарған.

Барлық жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушылардың көп бөлігі транзитпен өтетін көрші облыстардың тұрғындары.

– Біз күн сайын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Көбінесе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын, жол-көлік оқиғаларына себепші ретінде Toyota Alphard көлігінің жүргізушілері тіркеледі. Мысал ретінде жақында Alphard жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып, патрульдік полицияның көлігімен соқтығысқан оқиғасын айтуға болады. Нәтижесінде 6 адам қаза тапты, оның ішінде полицейлер де бар. Жүргізушілерге жүгінсек, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салғым келеді, өйткені жол қателіктерді кешірмейді, – деді Жамбыл облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Құрмет Мәжікенов.

Жамбыл облысы полиция департаменті тұрғындарға белсенді азаматтық ұстаным танытуға және «102» пультіне қоңырау шалу немесе Instagram zhambyl_police және taraz_police ресми парақшаларына жазу арқылы құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға шақырады. Барлық келіп түскен хабар бойынша полиция қызметкерлері дереу қажетті ден қою шараларын қабылдайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру