Қызылордада Конституция күніне орай полицейлер мен ардагерлер марапатталды
Қызылордада Конституция күніне орай қызмет бабында ерекше көзге түскен сақшылар мен ардагерлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел Тәуелсіздігінің кепілі, келешектің кемелі – Конституция күні. Конституция талаптары елдегі заң салаларының негізі, ал оның нормалары басқа заңдар үшін қағида болып саналады. Еліміздің заң нормаларының орындалуын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп, ел тыныштығы мен тұрақтылығына өзіндік үлестерін қосып жүрген полицейлер Ата Заңымызды ұлықтауда.
Осы орайда, Қызылорда облысы полиция департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрам қатысты. Сонымен қатар салтанатты шараға қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің ата-аналары мен туыстары шақырылды.
Салтанатты шара еліміздің көк байрағына құрмет көрсетілуден басталды. Сонан соң ішкі істер министрі Ержан Саденовтің мерекелік жедел хаты оқылды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен қызмет бабында ерекшеленген 15 қызметкер марапатталды.
Сонымен қатар мерекелік іс-шара барысында департамент бастығы Махсудхан Аблазимов қоғамдық тәртіпті сақтауға ерекше үлес қосқан полицейлер мен ардагерлерге марапаттарын табыстады.
– Сіздерді тәуелсіз ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн — халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке. Биыл азамат құқықтарының қорғанына айналған еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 29 жыл толып отыр. Қай елдің болсын заңға бағынбай өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан да тәуелсіздік тірегіне айналған Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеу біздің парызымыз. Полиция қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін биік қойып, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек етіп, алдыңғы шепте жүреді. Осынау мерекелік күнде барлық қызметкерлерге мінсіз қызмет атқарғандары үшін алғыс айта отырып, еңбектеріне табыс, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін, – деді өңірдің бас полицейі.
Қызылорда облысы ПД бастығының бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 102 қызметкері және 34 ардагер марапатталды.
Айтулы күнмен құрметті ардагер Қазбек Әшірбекұлы және полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров қызметкерлерді құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Концертте тәртіп сақшыларының өнері тамашаланды.
Марапаттау рәсімі аяқталысымен тәртіп сақшылары жұмыстарына кірісті. Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс жасайды.