Ұландықтар грек-рим күресінен әлем чемпионатының жүлдегерлерін күтіп алды
Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелеткен балуандар, «Динамо» спорт қоғамының спортшылары, Ұлтық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері қатардағы Ислам Евлоев пен Айбек Айтбеков елге оралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін таңғы сағат 08:20-да Алматы халықаралық әуежайынан спортшыларды «Динамо» спорт қоғамы, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері және спорт сүйер қауыммен бірге жерлестері әскери оркестрмен күтіп алды.
Байрақты бәсекені Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен қорытындылады. Қазақстан командасының құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де өнер көрсетті.
Турнирде 82 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ұландық жауынгер Ислам Евлоев жастар арасында әлем чемпионы атанып, боз кілемде қазақ елінің абыройын асқақтатты. Ал Айбек Айтбеков 55 келі салмақта сынға түсіп, үшінші орынды иеленді.
– Үлкен қошеметпен қарсы алып жатқан еліме, «Динамо» спорт қоғамы мен өзім борышымды өтеп жүрген Ұлттық ұлан басшылығына алғыс айтамын! Өте керемет сезімде тұрмын. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл жарысқа жақсы дайындықпен бардым. Маған қолдау білдіріп, жанкүйер болған барша отандасыма алғысым шексіз, – дейді ұландық чемпион Ислам Евлоев.
Айбек Айтбеков Испанияда өткен чемпионаттағы сезімін бөлісіп, финал туралы ойын айтты. Жанкүйер болып, қолдаған қазақ халқына алғысын білдірді.
– Бұл менің екінші әлем чемпионатым. Алғаш рет 2019 жылы Венгрияның Будапеш қаласында өткен чемпионатқа қатысқан болатынмын. Мен өзімнің күшімді, мүмкіндіктерімді сынап көргім келді. Не болса да, шүкір етемін, бірақ алтын алып чемпион болғым келген. Қазақстан Республикасы ІІМ мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы және «Динамо» спорт қоғамы маған үнемі қолдау көрсетіп, спортпен айналысуға жағдай жасап келеді. Сол үшін де барлығына алғысымды білдіремін, – деді қола жүлдегер Айбек Айтбеков.
Айта кетейік, Ислам Евлоев финалдық белдесуде әлемдік рейтингте 7-орында тұрған түркиялық балуан Альперен Белберді 9:3 есебімен ұтты. Турнир барысында ол Чехия, Германия, Қытай балуандарынан басым түсті.
Қатардағы жауынгер Айбек Айтбеков өз салмағында үздік үштікке еніп, қола жүлде иегері атанды. Грек-рим күресінің шебері боз кілемде Испания мен Грузия балуандарын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда америкалық қарсыласынан айласын асыра алмады. Ал кіші финалда молдовалық Максим Сармановты 10:1 есебімен жеңді. Бұл салмақта алтынды Иран балуаны иеленсе, күміс жүлде АҚШ спортшысына бұйырды.
Әлем чемпионы Ислам Евлоев қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын құқықтық тәртіп әскерінің Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде, қола жүлдегер Айбек Айтбеков екінші мегаполистегі Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде өтеуде.