Биыл Алматы облысының полицейлері көше-жол желісіне 1400-ден астам тексеру жүргізді
Алматы облысының полицейлері жыл басынан бері көше-жол желісіне 1400-ден астам тексеру жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы жағдайларын жақсарту және жолдардың конструктивтік элементтерінің жай-күйін бағалауды талап ететін учаскелерді анықтау мақсатында облыстық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері көше-жол желілеріне кезекті тексеру жұмыстарын ұйымдастырды.
Тек жыл басынан бері 1 404 зерттеу жүргізіліп, олардың әрқайсысының қорытындысы бойынша тиісті нұсқамалар шығарылды. Жол-коммуналдық ұйымдардың 236 лауазымды тұлғасы автожолдарды, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын жіберілген нұсқамалардың талаптарын орындамағаны үшін 21 жауапты тұлғаға қатысты материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді.
– Бүгінгі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету әкімшілік полиция жұмысының басым бағыттарының бірі саналады. Жыл басынан бері біз 1400-ден астам зерттеу жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде төрт мыңнан астам жол белгісі, 16 бағдаршам нысаны, 12 жарпылдауық, 173 жасанды жол кедергісі, 1460 жол қоршауларының погонды метрі, 908 шаршы метр шулы жолақ, сондай-ақ 22 бағдаршам нысаны жасанды жарықтандырумен жабдықталған, – деп атап өтті облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов.