Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандар квотамен жұмысқа орналасты
Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандар квотамен жұмысқа орналасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінде 500-ден астам сотталған бар. Пробациялық бақылау белгіленген жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа тұрғызу бойынша шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Атап айтар болсақ, жыл басынан бері есепте тұрған жұмыссыз 42 сотталған квотамен жұмысқа орналастырылды.
Қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаеваның айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен жұмыс орындарына 42 квота белгіленген.
– Пробация есебіндегі 42 сотталған жұмысқа тұрғызылып, квотаны жүз пайызға орындадық. Сонымен қоса, квотадан бөлек тағы 3 сотталғанды жұмысқа орналастырдық. Қазіргі таңда олар жұмыстарын жасап жүр. Сондай-ақ сотталғандар арасында өз кәсібін ашқандар да бар. Жыл басынан 12 азамат мемлекеттен қайтарымсыз қаражат ұтып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Есептегі тұлғаларға әлеуметтік, құқықтық басқа да көмектер ұдайы көрсетіледі. Жалпы, пробация есебіндегі сотталғандар қызметкерлер тарапынан әрдайым бақылауда болады. Қызметкерлер есептегі әрбір азаматтың тұрғылықты мекенжайынан күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылыққа қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, – деді Фариза Сембаева.
– Пробация қызметінің көмегімен жұмыс таптым. Жұмысыма уақытылы барып жүрмін. Екі қолға бір күрек тапқаныма қуанып жүрмін, – дейді есептегі азамат.