Қызылорда облысында сотталғандар жақындарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесті
Қызылорда облысында сотталғандар бейнеқоңырау арқылы отбасымен сөйлесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталған азаматтардың жақындарымен қарым-қатынасын нығайту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал ету мақсатында отбасы мүшелерімен бейнеқоңырау арқылы сөйлесу мүмкіндігі ұйымдастырылды.
Аталған мүмкіндік мекеме әкімшілігі тарапынан мінез-құлқы оң деп бағаланған, жазасын өтеу тәртібін сақтайтын, ұсталу жағдайы жеңілдетілген, түзелу жолына түскен және жасаған қылмысына өкініп, алдағы уақытта қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуге ниетті сотталған азаматтарға берілді.
Бейнеқоңырау барысында сотталған азаматтар ата-аналарымен, жұбайларымен, балалары және басқа да жақындарымен жүздесіп, өзара пікір алмасты. Олар отбасы мүшелерінің амандығын біліп, күнделікті өмірлері туралы сұрасып, сағыныштарын басып, жылы лебіздерін жеткізді.
Отбасымен байланыс орнату – сотталған азаматтардың моральдық-психологиялық жағдайына оң әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Жақындарының қолдауы олардың өмірге деген сенімін арттырып, түзелу жолында дұрыс бағыт ұстануына, болашаққа оң көзқараспен қарауына ықпал етеді.
