Қызылорда облысында есептегі сотталғандарға танымдық экскурсия ұйымдастырылды
Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға танымдық экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Қармақшы аудандық музейінде пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған "Туған жер – тұнған тарих" атты танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтардың туған өлкенің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысуына жағдай жасап, олардың рухани дүниесін байыту, тарихи санасын қалыптастыру және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету болды.
Экскурсия барысында есептегі тұлғалар музейдің экспозициялық залдарын аралап, өңірдің сан ғасырлық тарихы, тарихи тұлғалары, мәдени құндылықтары мен жәдігерлері туралы жан-жақты мәлімет алды. Музей қызметкерлері әрбір экспонаттың тарихына тоқталып, өлкенің өткені мен бүгінін байланыстыратын құнды деректермен бөлісті.
