Павлодарда ЖБО камералары 7 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады
Павлодарда ЖБО камералары 7 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел бақылау орталықтарының жұмысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің, құқық бұзушылықтармен, оның ішінде көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылармен күресудің тиімділігін, полицияның кешенді күштерінің қылмыстарға жедел ден қоюының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың олар туралы хабарлауына бағытталған.
Күн сайын бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, жол жүру ережелерін бұзу, қоғамдық орындарда қорлау, сондай-ақ ұсақ бұзақылық сияқты түрлі құқық бұзушылықтар тіркеледі.
Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесін пайдалана отырып, 6872 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
– Павлодар қаласында автовокзалда ер адам темекі шегіп, темекі тұқылын белгісіз жерге тастады. Осылайша қоғамдық тәртіпті бұзды. Бұл факті бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Павлодар қалалық ПБ жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамгунов.
Полиция департаменті Павлодар қаласы бойынша 117 бейнебақылау камерасы жұмыс істейтінін еске салады.
– Егер құқық бұзушылық немесе қылмыс камералардың көріну аймағында орын алса, онда жақын маңдағы полиция патрулі құқық бұзушыны тез арада ұстайды, – деп атап өтті спикер.