Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында кезекті «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Ішкі істер қатарында 30 жыл абыроймен қызмет атқарып, өзінің табандылығының арқасында полиция бөлімінің ғимаратын салдырып, кейінгі шәкірттерінің жүрегіне ізгіліктің, іскерліктің, адалдықтың дәнін еккен милиция полковнигі Сапаралы Жанабеков атындағы полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жастар арасында қаhармандық пен ержүректілікті дәріптеу мақсатында Мақтаарал ауданы орталығының С.Рахимов атындағы жалпы орта мектептен ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бөлебай Құнанбеков пен Сапаралы Жанабековпен бірге қызметтес болған әріптестері, замандастары мен туыстары қатысты.

– Еліміздің барлық өңірінде, жергілікті жерлерде «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылып жатыр. «Жас сақшы» полиция сыныбын құру –Ішкі істер министрлігінің басым жобасы және ең алдымен жастарды патриотизм мен отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге, мектеп ортасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен мамандық таңдауда көмек көрсетуге бағытталған, – деді Мақсат Асқаров.

Аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова да шарада сөз сөйледі.

– Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет сыйлайтыны анық. Ішкі істер бөлімін 14 жыл бойы басқарған Сапаралы ағамыздың елге жасаған еңбегі баршамызға өнеге, темірқазықтай айқын бағыт-бағдар береді, – деді ол.

Жиын соңында полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев балаларды Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты тәрбиелеуде бұл полиция сыныбының ықпалы орасан зор екендігін айтып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру