Абай облысында полицейлер студенттерге дәріс оқыды
Абай облысының полицейлері студенттерге киберқылмыс және есірткі қылмысы туралы дәріс оқыды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция қызметкерлері Семей қаласындағы Медициналық университет студенттеріне киберқылмыс және есірткі қылмыстарымен күрес мәселелеріне арналған дәріс өткізді. Іс-шараның мақсаты – жастардың қазіргі заманғы қауіп-қатерлер туралы хабардарлығын арттыру және оларды болдырмау әдістерін түсіндіру.
Дәріс барысында полиция қызметкерлері студенттерге интернеттегі алаяқтық, жеке деректерді ұрлау және аккаунттарды бұзу сияқты киберқылмыстардың түрлері туралы айтты. Интернеттегі жеке ақпаратты қорғау тәсілдері мен қауіпсіздік ережелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар құқық қорғаушылар есірткі құралдарының интернет арқылы таралу мәселесін егжей-тегжейлі түсіндірді. Студенттерге есірткі сатушылардың мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді қалай пайдаланатыны және заңсыз есірткі айналымына қатысқандарды қандай салдарлар күтіп тұрғаны туралы айтылды.
Полиция қызметкерлері мұндай қылмыстарды ерте анықтау және алдын алудың маңыздылығын атап өтіп, желідегі күдікті әрекеттер немесе есірткі саудасы туралы ақпаратты қайда хабарлау керектігін түсіндірді. Дәрістер аймақта ашылған нақты істердің мысалдарымен толықтырылды.
Болашақ дәрігерлер талқылауға белсене қатысып, сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті. Студенттер полиция қызметкерлеріне пайдалы ақпарат үшін алғыс айтып, алған білімдерін практикада қолдануға дайын екендерін білдірді.
Абай облысы полиция департаменті жастар арасында киберқылмыс және есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда