Ұландық сарбаздар ұлы тұлғаны ұлықтады
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары ұлы тұлғаны ұлықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 3650 әскери бөлімі Алматы қаласы орталықтаңдырылған кітапханалар жүйесімен бірлесіп ұлы ағартушы, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арналған “Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға”атты танымдық сағат өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жеке кұрамның бойында қазақстандық патриотизмді арттыру, сарбаздардың сана-сезімін, рухани жан-дүниесін кеңейту.
Танымдық сағат Ахмет Байтұрсынұлының 152 жылдығына орай ұйымдастырылған “Тілге құрмет – елге құрмет!” акциясы аясында қолға алынған.
№ 26 кітапхана бөлімшесінің кітапханашысы Светлана Владимировна сарбаздарға ақынның өмірі мен шығармашылығы, ғылыми еңбектері жайында мәлімет берді. Ал қатардағы жауынгерлер Т.Қалмұханбет, Ы.Қасымжан, Д.Әуелхан ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, қанатты сөздерін айтты.
Сонымен қатар акция аясында сарбаздар Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барып дәріс тыңдады. Сарбаздар алдымен Ахмет Байтұрсынұлының саябағына соғып, ғалымның еңселі ескерткішіне тағзым жасады. Музей-үйдің бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлымен Манатжан Аширов сарбаздарға тарихи тұлғаның жәдігерін таныстырды.
Сарбаздар ақын шығармашылығының тереңіне бойлап, қызметтік– жауынгерлік тапсырмаларды орындауға тың күш-жігер, мол рухани азық алды.