Маңғыстау облысында сотталғандарға психологиялық тренинг ұйымдастырылды
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеушілер үшін психологиялық тренинг ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шара сотталғандардың психологиялық жағдайын жақсарту, өзін-өзі реттеу қабілеттерін дамыту және өмірлеріне оң өзгерістер енгізу мақсатында өтті.
Тренинг барысында қатысушылар қызықты ойындар мен әдістемелер арқылы өз эмоцияларын, қорқыныштарын және күйзелісті жеңуге көмектесетін тәсілдермен танысты. Мекеменің психологы Алмаш Өтесинова сотталғандарға өзін-өзі тану мен бақылау дағдыларын үйретуге ерекше көңіл бөлді.
– Біздің мақсатымыз – сотталғандарға тек медициналық немесе заң тұрғысынан көмек көрсету емес, сонымен қатар оларды психологиялық тұрғыдан қолдау. Тренинг барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетті, бұл олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берді, – дейді Алмаш Өтесинова.
Сондай-ақ қатысушылар эмоцияларын еркін білдіру, әлеуметтік байланыстарын нығайту және күйзелістен арылу жолдарын үйренді. Бұл шара жазасын өтеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашып, олардың өмірлеріне позитивті өзгерістер енгізуге ықпал етеді. Қолданылған әдістер сотталғандардың психологиялық саулығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.