БҚО ауданында «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы аясында өңір тұрғындарына арналған кеш өтті
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы аясында үгіт-насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында Тасқала ауданында өңір тұрғындары мен жастарына арналған кеш өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеш алдында бейресми форматта өткен әңгімелесу барысында полиция қызметкерлері оқушыларға есірткі және синтетикалық заттарды қолданудың зияны мен оның салдары туралы айтып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында “болашақ ұрпақтың әл-ауқатына есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы қауіп төндіреді” деп атап өтті. Президент бұл дерттің біздің азаматтар арасында, әсіресе жастар арасында таралу жолына күшті тосқауыл қоюды тапсырды, – деді Батыс Қазастан облысы ПД тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы Қадыржан Сағын.
ХХІ-ші ғасырдың дертіне айналған, бүгінгі таңның өзекті мәселесі нашақорлыққа бүкіл әлем қарсы күресуде. Сонау Батыс елдерінен Азияға жетіп, Қазақстан жеріне де қадам басқан есірткі дерті талай адамның, әсіресе жастардың өмірін алды. Адамзатты толғандыратын, өмір сүруіне қауіп – қатер әкелетін біздің заманымызда ХХІ-ші ғасырдың дертіне қарсы тұрып, нашақорлықпен күресте жеңіп шығу Қазақстан жастарының парызы.
БҚО полицейлері азаматтарды осы ортақ проблемадан тыс қалмауға, есірткінің таралуына жол бермеуге және олармен байланысты қылмысқа қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.
«Біз есірткіге қарсымыз» акциясы аясында үгіт-насихаттау жұмыстары Бәйтерек ауданында жалғасын тапты.