Жетісу облысында Шынәсіл Бірқұрмановтың құрметіне АӘД сыныбы ашылды
Жетісу облысында Шынәсіл Бірқұрмановтың құрметіне мемориалдық тақта мен АӘД сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы Ақсу ауданы Суықсай ауылының Гагарин атындағы орта мектебінде полиция қызметкері Шынәсіл Бірқұрмановтың құрметіне алғашқы әскери дайындық сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл бұрыш өз қызметтік борышын атқару кезінде өмірін қиған ержүрек азаматтың батырлығы мен жанқиярлығын мойындаудың символына айналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне көптеген қонақтар жиналды. Мектеп кітапханасының алдында әскери киімдегі оқушылар екі қатарға сап түзеп, келген қонақтарды қарсы алды. Жиынға Жетісу облыстық полиция департаментінің өкілдері, Ақсу ауданы әкімшілігі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шынәділ Бірқұрмановтың ағасы, сондай-ақ мектеп қызметкерлері қатысты.
Шынәсіл Бірқұрманов 1956 жылдың 1 қарашасында Алматы облысы Ақсу ауданы Арасан ауылында дүниеге келген. Ол көпбалалы отбасыда өскен, он бір баланың тоғызыншысы болған. Ол ішкі істер органдарындағы жұмысын 1980 жылдың тамыз айында Арасан ауылында учаскелік полиция инспекторы лауазымында бастады. 1987 жылы балалық шағы өткен Арасан және Суықсай ауылдарында аға учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалды.
10 қыркүйек күні Шынәсіл Бірқұрманов қызметтік міндетін орындау кезінде қайғылы қазаға ұшырады. Ол мемлекеттік мүлікті ұрлаған қылмыскерге қарсы тұрып, күдіктіні ұстау барысында көлік қағып кетіп, оқиға орнында ауыр жарақаттардан көз жұмды. Бұл оқиға оның әріптестері мен жақындарына қатты әсер еткен.
Батырдың құрметіне сыныптың ашылуы – бұл тек еске алу ғана емес, сонымен бірге болашақ ұрпаққа ар-намыс, жауапкершілік және Отанға қызмет етудің маңыздылығын еске салу.