Қызылордада сотталғандарға психологиялық ойын ұйымдастырылды
Қызылордада психолог метафорлық ассоциативтік карталар арқылы сотталғандармен жұмыс жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде психолог маман Ақгүл Аманова сотталғандардың психологиялық жағдайын зерттеу және түзету мақсатында метафорлық ассоциативтік карталарды (МАК) қолдана отырып жұмыс жүргізді. Оның басты міндеті – сотталғандардың ішкі жан дүниесін түсіну, олардың өмірлік қиындықтарын анықтап, эмоциялық күйзелістерін жеңілдетуге көмектесу.
Ақгүл Аманова сотталғандармен әңгімелесу барысында МАК карталарын пайдаланып, олардың ішкі сезімдерін бейнелейтін карталарды таңдауға мүмкіндік берді. Әр сотталған өзінің ішкі жан дүниесіне жақын суретті таңдап, сол арқылы сезімдері мен ойларын сипаттады. Психологтың айтуынша, бұл әдіс сотталғандардың ішкі қайшылықтарын, өткен өмірдегі ауыртпалықтарын және қазіргі күйзелістерін ашуға көмектеседі.
– МАК карталары адамның бейсаналы сезімдерін метафоралар арқылы ашуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл сотталғандардың өздерін еркінірек сезініп, өз ойларын жеткізуге көмектеседі. Сотталғандар әңгіме барысында өздерінің өміріндегі қиындықтарды, қорқыныштары мен уайымдарын ашық айтып, өз ойларын жеткізді, – дейді Ақгүл Аманова.
– Психологпен сөйлестім, ішімде көптен бері жиналған уайымдарымды ашық айттым. Бұрын бәрін ішімде сақтайтынмын, ешкімге айтқым келмейтін. Бірақ осы әңгімелесуден кейін жеңілдеп қалдым. Қиын уақытта қолдау көрсетіп, психологиялық көмек берген психолог маманға алғысым шексіз, – деді сотталған азамат.