“Есірткісіз болашақ – қауіпсіз қоғамның негізі”: Абай облысында қауіпсіздік сабағы өтті
16-тұрақты даму мақсаты – “Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар” аясында Шәкәрім университетінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткі қылмысының алдын алу және қауіпсіз қоғам қалыптастыру мақсатында мазмұнды қауіпсіздік сабағы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Тамақ технологиясы” кафедрасының студенттерімен өткен кездесуге Абай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов арнайы қатысып, жастарға есірткі қылмысының қоғамға тигізер зардабы мен заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде маңызды ақпарат берді.
Кездесу барысында полицей есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату әрекеттерінің құқықтық салдарын түсіндіріп, мұндай қылмыстардың адам өміріне, денсаулығына және болашағына келтіретін зиянына ерекше тоқталды.
— Есірткі қылмысы – тек заң бұзушылық қана емес, ол адамның өз болашағына, жақындарының өміріне және қоғамның қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Әсіресе, жастар кез келген күмәнді ұсынысқа саналы түрде қарап, оңай табысқа қызығып, заңсыз әрекеттерге араласпауы керек. Есірткі заттарын тасымалдау мен таратуға қатысудың әрбір әрекеті заң алдында жауапкершілікке әкелетінін есте сақтау қажет. Өз құқықтарыңды біліп, заң талаптарын сақтау – қауіпсіз болашақтың кепілі, – деп атап өтті өз сөзінде Думан Үкіжанов.
Сонымен қатар студенттерге құқық бұзушылықтардың алдын алу, күмәнді ұсыныстардан сақтану, азаматтық жауапкершілікті сезіну және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына маманнан нақты жауап алды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың саналы таңдау жасауына, жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына және қоғамдағы заң үстемдігін құрметтеуіне ықпал етеді.
