Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның иісшіл иттері 44 қылмысты ашуға көмектесті

Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерлерінің қатарында 900-ге жуық қызметтік ит бар. Ұландықтар олардың көмегімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың бетін ашады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы жылдары қоғамдық тәртіпті және маңызды мемлекеттік объектілерді қорғауда қызметтік иттерді қолдану және пайдалану кезең-кезеңімен енгізіліп, жарылғыш заттар мен есірткі құралдарын іздеу қызметі дамытылды, арнайы мақсаттағы бөлімшелерде шабуылдау иттерінің санаты енгізілді. Осыған орай төрт аяқтылар бақылау пунктінде көліктерді тексеру үшін, сотталғандар мен қамауға алынған адамдарды айдауылдау бойынша қарауылдарда белсенді пайдаланылатынын айта кеткен жөн.

Қызметтік иттер  бақылау объектілерінің периметрін ғана күшейтпей, адам өмірін сақтап қалуда маңызы зор. Одан бөлек қылмыскерлерді ұстауда, қылмысты ашуда жауынгерлік иттер – таптырмас қолғабыс.

Сөзімізге дәлел ретінде мынандай статистикалық деректерді ұсынамыз:  жыл басынан бері қызметтік иттерді пайдалану арқылы 56 құқық бұзушылық анықталып,  44 қылмыстың беті ашылды. Бұл ретте қылмыс жасаған 34 адам ұсталып, олардан 18 келіге жуық марихуана, 1,2 келі кокаин, 632 грамм синтетикалық заттар, мефедрон, көкнәр сабаны, «жылдамдық», спайс секілді 20 келі есірткі табылды. Сондай-ақ 5 атыс және суық қару, 34 оқ-дәрі, жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам мүлік тәркіленіп, хабар-ошарсыз жоғалған деп есептелген 9 адам табылды.

Дәл осындай жолмен 12 сәуірде сағат 16.30-да 6699 әскери бөлімінің (Өскемен қ.) № 22 мекемесіндегі көліктік бақылау-өткізу пунктінде тексеру тобы «Кирюхов» ЖК-да тіркелген 25 гипс қоспасы тиелген ЗиЛ көлікті қарап шықты. Локи есімді есірткі іздеуші иті өз іс-әрекетімен қаптардың бірін белгілейді. Ол қапты рентген аппараты арқылы мұқият тексеру кезінде салмағы шамамен 300 грамм болатын сұр-жасыл түсті өсімдік тектес гашиш есірткі заты бар үш полиэтилен орамы табылды. Өскемен қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобы келген соң қалған қапшықтар тексеріліп, көлемі 0,5 л еріткіш бөтелкелерге құйылған 10 литр этил спирті анықталды.

9 ақпанда «Тосқауыл» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу кезінде Көкшетау қаласының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақкөл-Шортанды станциясындағы темір жол өтпесін бірлесіп тексеру барысында шамамен 03:45-те 5510 әскери бөлімінің аға маман-кинологы Самат Шәкенов Ханзада лақап атты есірткі құралдарын іздеуші қызметтік итін қолданып, іргелес аумақтағы теміржол станциясының қызметкеріне тиесілі салмағы 5 келі марихуана салынған пакет табылды.

19 маусымда «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 6697 әскери бөлімінің (Қостанай қ.) кинолог маманы Сергей Абросимов пен Фиона атты есірткі құралдарын іздеуші ит Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, 47 жастағы Д. есімді азаматшаның қоймасын тінту кезінде салмағы шамамен 1200 келіні құрайтын әрқайсысы 25 килограмдық қапқа салынған 48 өсімдік тектес заттың (көкнәрдің) бары белгілі болды. Іс-шара аяқталғаннан кейін Д. есімді азаматша одан әрі тергеп-тексеру үшін қалалық полиция басқармасына жеткізілді.

Кинология қызметінің мамандары мен олардың төрт аяқты достары қала көшелерінде құқықтық тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күреске, объектілерді күзету мен айдауылдаудың сенімділігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.

Қарқынды дамытылып жатқан техника құралдары жақсы дайындалған қызметтік иттің мүмкіндігін алмастыра алмайды. Тәуелсіз Қазақстанның кинология қызметі – қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындайтын бөлімшелердің ажырамас бір бөлігіне айналды.

Қазақстанның құқық тәртібі әскерлері кинологиясының тарихы

Егер Ұлттық ұланның (бұрынғы ІІМ ішкі әскерлерінің) кинология тарихы туралы айтатын болсақ, 1991-2000 жылдар аралығында кинолог-мамандар мен қызметтік иттер қылмыстық-атқару жүйесі объектілерін күзетуде және сотталғандарды айдауылдауда ғана қолданылды. Одан әрі 2000 жылдан 2010 жылға дейін қызметтік иттерді нәтижелі қолдану  22 оқиғадан 47-ге  дейін ұлғайды. Бұл фактіге 2001 жылы жедел және арнайы бөлімдердің штаттарында кинологтар мен қызметтік иттердің санының көбеюін, мина іздестіру иттерінің санаттарының енгізілуін жатқызамыз. 2006 жылы әскери қызметтің келісімшарт негізіне көшуі  кинологиялық бөлімшелерді жасақтауға септігін тигізді. Кинологтар лауазымына бұрынғыдай әскерге шақырылушы сарбаздар емес, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер алына бастады. Олардың алғашқы дайындығы Алматы облысы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінің базасында жүргізілді. Сол кезеңде иттердің саны 14%-ға артты.

Сондай-ақ кинология қызметінің одан әрі дамуы республиканың құқық қорғау және арнайы органдарымен өзара іс-қимылымен тығыз байланысты. 2022 жылдан бастап кинолог мамандар халықаралық жарыстарға белсене қатысуда. 2023 жылы Бос лақап атты  ит Беларусь Республикасы ІІМ ішкі әскерлерінің XXIV ашық чемпионатында кинологтардың қызметтік көпсайысы бойынша «Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды іздеуде жалпы және арнайы дағдылар кешені» пәнінде 2-орынды иеленді. Ал Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы Мәулен Қайырбаев және оның Айза атты иті жарылғыш заттарды іздеу бойынша Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының бастығы Ерболат Асанов және оның Риза атты иті, есірткі құралдарын іздеу бойынша Семей қаласы 5511 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы Архат Бөкенбаев және оның Лэда атты иті – Ұлттық ұланның елішілік біріншілігінің ең үздіктері саналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру