Алматыда алаяқтар азаматтарға 12 млрд теңгеден астам шығын келтірген
Алматыда алаяқтар азаматтарға 12 миллиард теңгеден астам шығын келтірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаров қалалық қоғамдық кеңесте жыл басынан бері шаһарда 6 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелгенін айтты.
Алаяқтардың бірнеше эпизодты және бірнеше рет жасаған әрекеттерінен азаматтарға 12 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
– Сонымен қатар қабылданған шаралар интернет-алаяқтықты 14,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Зияткерлік меншік құқықтарын бұзумен байланысты қылмыстардың алдын алу мен күресті күшейтуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында полицейлер негізгі критерийлер бойынша халықпен жұмыс жүргізуде – бұл ең алдымен халықтың құқықтық сауаттылығы, БАҚ деңгейінде қолжетімді және түсінікті ақпараттық жұмыс, көшелерде, қоғамдық орындарда, алаяқтықтың түрлері мен әдістері туралы жарнамалық буклеттер. Сондай-ақ алаяқтықтың жаңа түрлері, олардың жасалу жолдары және алдын алу шараларының дер кезінде қабылдануы қадағалануда, – деді Арыстанғани Заппаров.
Спикердің айтуынша, қаладағы сауда орталықтары мен супермаркеттерде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша плакаттар ілініп, қаланың орталық көшелеріндегі электронды билбордтарда интернет-алаяқтықтың әдістері мен түрлері туралы ескертпе бейнероликтер көрсетіліп жатыр.