Маңғыстау облысында заң бұзған азамат 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды
Жаңаөзен қалалық соты қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарап, сотталушыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жаза сотталушыға өз жазасын өтеу ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы қызмет көрсету арқылы қателігін түсініп, түзелуіне мүмкіндік береді. Сотталған азаматтың тәртібін бақылау Жаңаөзен қалалық пробация қызметіне тапсырылды. Ол есепке алынып, жергілікті атқарушы органдардың белгілеген аймағында қоғамдық жұмыстарды орындау арқылы өз жазасын өтеп жүр.
Пробация қызметі бөлімінің бастығы Тілектес Құдайбергенованың айтуынша, қоғамдық жұмыс сотталғандардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғамға қайта бейімделуіне септігін тигізеді.
– Қазіргі уақытта есепте тұрған 5 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды. Біз сотталғандарға қолдау көрсетіп, оларды дұрыс жолға бағыттауға бар күшімізді саламыз, – деді Құдайбергенова.
Сот шешімі қоғамдағы тәртіпті нығайту мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Қоғамдық жұмыстардың басты мақсаты – сотталған азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және оларды қоғамның белсенді мүшелері ретінде қайта оралуға ынталандыру.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі сотталғандардың өз жазасын жауапкершілікпен өтеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасап, олардың қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.