Оралда «Бейбіт күннің батырлары» тақырыбында сынып сағаты өтті
Оралда «Бейбіт күннің батырлары» тақырыбында сынып сағаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бауыржан Момышұлының «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,-деген сөзі бар.
Соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсетіп батыр атануға болады. Еліміздің тұрғындары мен азаматтарын жұмыс бабында жүріп те, жұмыстан тыс уақытта да әртүрлі өмірлік қиындықтардан құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес.
Олар күн-түн демей, елінің ішкі тыныштығын бақылап, қылмысқа қарсы күресте табандылық танытып, түрлі апатты жағдайларда өз бастарын қауіпке тігетін мамандық иелері.
Иә қан төгісі жоқ, бейбіт елде тұрып жатқанымызбен түрлі айтып келмейтін апаттардың кесірінен қызмет бабымен жүріп көз жұмғандары да қаншама.
Міне осындай өз қызметтерінде жасаған ерліктерін, ерлік емес міндетіміз деп санап жүрген полиция қызметкерлерін «Бүгінгі күннің батырлары деуге әбден лайық.
Соның бірі Батыс қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері Еркебұлан Сапановтың ерлігі де көпке үлгі. Оқушыларға үлгі ету мақсатында Еркебұлан Сапанов Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №46 жалпы білім беретін орта мектебіне шақырылды. Аталған мектепте кадет сыныбы ашылған болатын. Кадет сыныбына қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкері полиция сержанты Иват Мумбаевтың есімі берілді.
Еске салар болсақ, оқиға 2019 жылы қараша айында болған еді. Кезекші бөлімнің «102» нөміріне көпірден бойжеткеннің секіріп кеткені туралы хабарлама келіп түседі. Бойжеткеннің бағына қарай, дәл сол күні көпір үстінде көлігімен отбасымен бірге Еркебұлан Сапанов кетіп бара жатқан еді. Әу баста Еркебұлан бойжеткен балыққа жем шашып тұр деп ойлаған екен. Алайда көлігінің бүйір терезесінен бойжеткеннің секіріп кеткенін көргеннен кейін Еркебұлан көп ойланбастан оның артынша суға күмп берген. Суға батқан қыздың шашынан шап берген ол өзеннің бетон құрылымына жүзіп барып, бойжеткенді құтқарушылардың қолына тапсырады.
Осылайша еңбегі еленген ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» меделімен марапатталады.
Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің қолынан биыл табиғи апаттарға қарсы күресте табандылық пен батылдық танытқаны үшін «Ерлігі үшін» медалін иеленді.
Бұл полицейдің қызметі үшін алған ең бағалы марапаттары екен, бұдан басқа көрсеткен ерлігі мен қызметі үшін алған алғыс хаттары мен медальдары жетерлік.
– Бұл менің қызметтік борышым, әрі міндетім. Өз әрекетімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері осындай қадамға барар еді, – дейді батыр.
ҚР Президенті мен Ішкі істер министрінің «Ерлігі үшін» медалін иеленген полиция қызметкері өзінің тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісті. Кездесу барысында оқушылар өздеріне қызықты сұрақтарына жауап ала алды.
Еркебұлан Сапанов жасөспірімдер арасындағы орын алатын құқық бұзушылыққа жол бермеуді түсіндіріп, әрбір құқық бұзған адам заң алдында жауап беретінін алға тартып, ондай қадамға бармауға кеңес берді. Оқушыларға полиция қызметінің қыр-сырын ашып түсіндіріп, қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігін алға тартып, «Тәртіп сақшысы болу үшін төзімділік пен сабырлылық, жылдамдық, асқан жауапкершілік қажет», — деп атап өтті.