Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да ІІО ардагерлері арасында волейболдан ерекше турнир өтті

Батыс Қазақстан облысында ішкі істер органдарының ардагерлері арасында волейболдан ерекше турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, құрметті ардагер Ұзақбай Джаниевтың 70 жылдық мерейтойына арналды. Турнирге облыстан 30-дан астам ардагер қатысып, төрт командаға бөлінді.

Жарыстың ашылу салтанатында БҚО полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Габдуллин құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өзінің қызмет жолын учаскелік инспектор ретінде бастаған Ұзақбай Рамазанұлына полиция департаменті бастығы А. Оразалиев атынан құттықтау хат жолданып, «»ІМ-нің құрметті ардагері» және «Қылмыстық іздестіру қызметінің 105 жылдығы» төсбелгілері табысталды.

Жарыс барысында ардагерлердің спорттық шеберлігі мен ынтымағы ерекше байқалды. Жастары егде тартса да, ала допты шебер иіріп, көрермендерді тәнті етті.

Тартысты өткен ойын қорытындысы бойынша, бірінші орынды БҚО полиция департаментінің ардагерлер командасы жеңіп алды. Екінші орынды МАИ ардагерлер командасы иеленсе, үшінші орынға Бөкейордасы ауданының ардагерлері шықты. Жеңімпаз командалар арнайы кубоктармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ үздік спортшыларға алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табыс етілді.

Айта кету керек, бүгінде Ұзақбай Рамазанұлы белсенді өмір салтын жалғастырып, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, немерелерінің тәрбиесіне көп көңіл бөлуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру