СҚО-да полицейлер оқу тоқсанының соңында ата-аналармен кездесті
Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға жақын. Оқушылардың күзгі демалысы қарсаңында полицейлер профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, мектептер мен колледждердегі ата-аналар жиналыстарына қатысады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Виолетта Моисеева және СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Милена Балацкая Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжіне барып қайтты.
Ата-аналармен өткен кездесудің тақырыбы – заңнаманың ең маңызды талаптарын түсіндіру: жасөспірімдердің түнде жүруіне, олардың ішімдік ішуіне жол бермеу, есірткі сату арқылы «тез ақша тапқан» жағдайда көзделген қылмыстық жауапкершілік және басқалары.
Жол қауіпсіздігі тақырыбы да қозғалды. Жыл басынан облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 92 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Тәртіп сақшылары жолдың тек рұқсат етілген жерлерінен өтуге, көшеден өтерде телефон мен құлаққапты пайдаланбауға шақырады.
Полицейлер ата-аналарға заңнамадағы өзгерістерді айтып түсіндіру өте маңызды деп санайды. Заңнамаға сәйкес, кез келген дене жарақаты мен ұрып-соғу кезінде денсаулыққа зиян келтірілмесе де, енді бұл әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Сондай-ақ қызметкерлер ата-аналарға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері мен алаяқтарға көмектесудің салдары туралы айтты.
– Жасөспірімдердің араласып жүрген ортасын, таныстарын, олардың қызығушылықтары мен әдеттерін білу қажет, әсіресе, олардың бос уақытын пайдалы өткізуі өте маңызды. Ең бастысы, ата-аналардың беделі балаларының алдында жоғары болуы қажет, олар балалары үшін үлгі болуы керек. Ақпараттық жұмыс ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.