Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Генерал Рүстем Қайдаровтың мұрасы: Жезқазған полициясында өткен тағылымды кездесу

Жезқазған қаласының полиция басқармасында Қазақстанның ішкі істер органдарының аңызға айналған тұлғасы, генерал Рүстем Қайдаровтың жұбайы Аймен Жексенбайқызымен тағылымды кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция басқармасының басшысы Асхат Дүйсембеков қонақтарды құрметпен қарсы алып, генерал Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың ішкі істер саласындағы ерен еңбегі мен үлгі аларлық қызметіне ерекше тоқталды.

Рүстем Қайдаров – ішкі істер тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның өмір жолы мен қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі болып, қызметкерлер мен жастарға бағыт беретін тарихи жәдігерлер мен фотосуреттер арқылы есте сақталуда. Аймен Жексенбайқызы кездесу барысында генералдың даңқты жолын, қоғамға қосқан орасан үлесін және оның мақсаттарын егжей-тегжейлі баяндады.

Кездесу аясында Аймен Жексенбайқызы полиция басқармасының музейіне 1988 жылы Жезқазған қаласында өткен маңызды жиында түсірілген ерекше фотосуретті сыйға тартты. Бұл тарихи құжат музейде сақталып, келушілерге ұсынылмақ.

– Рүстем Есімханұлының өмір жолы – нағыз үлгі. Ол қарапайым қызметкерден ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейінгі жолды жүріп өтіп, артына үлкен мектеп қалдырды. Біз үшін осындай тұлғаның Жезқазғандағы ішкі істер органдарында қызмет еткенін зор мақтаныш санаймыз, – деп атап өтті Асхат Дүйсембеков.

Естеріңізге сала кетейік, Рүстем Қайдаров 1996 жылы БҰҰ Комиссиясының 39-сессиясында есірткіге қарсы күрес мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы болды. Ол – Қазақстан Республикасында біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы Президент Жарлығының авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық және үкіметтік комиссияларда белсенді жұмыс атқарып, 20-дан астам ғылыми мақаланың авторы болды.

Рүстем Есімханұлының есімі “Қорғау” зейнетақы жинақтау қорының президенті, “Генералдар кеңесі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы және басқа да беделді қызметтерімен қоғамға танылған тұлға ретінде мәңгі сақталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру