Ұлытау облысында нашақорлыққа қарсы күрес бойынша ауқымды форум өтті
Жезқазған қаласында полиция қызметкерлері оқушылар мен студенттерге арнап форум ұйымдастырды. Іс-шараға спортшылар, еріктілер, заңгерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар нашақорлық мәселелері мен оның алдын алу шараларын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытауда полицияның ұйымдастыруымен 700-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен ауқымды форум өтті. Іс-шараға спортшылар, еріктілер, заңгерлер және қоғам белсенділері қатысты.
Форумның ашылуында облыс әкімі, прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы, облыстық соттың төрағасы және облыстық психоневрологиялық диспансердің басшылары сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды. Спикерлер өз сөздерінде нашақорлықтың ауыр зардаптары мен жастарды қорғау шараларын, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Синтетикалық есірткі арқылы жастар мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатына төнетін қауіпке ерекше назар аударылды.
Форумға арнайы келген танымал киноактерлер Шерхан Пірназар, Диас Мырзахмет және өнерпаз Ақтоты Болшова өз өнерлерін ортаға салды. Танымал актерлердің орындауындағы «Нашақордың монологы» қойылымы ерекше әсер сыйлады.
– Мемлекетіміздің болашағы – жастар. Сіздерде нашақорлыққа қарсы тұру және салауатты өмір салтын насихаттау мүмкіндігі бар. Есірткіге қарсы күресте әрқайсымыз жауапты екенімізді ұмытпайық. Біз бірге нашақорлықтың таралуына қарсы тұра аламыз, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев.
Форум аясында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған фотобайқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Іс-шара соңында полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жауынгерлік әдіс-тәсілдері көрсетті.