Ақмолада екі жолақты жолдан өткені үшін 70-тен астам жүргізуші жауапқа тартылды
Ақмола облысының жолдарында екі жолақты жолды кесіп өту фактілері жиілеп барады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл тек жүргізушілердің емес, жаяу жүргіншілердің де өміріне қауіп төндіретін жағдай. 23 қазанда жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы Lexus RX-350 көлігінің жүргізушісі екі еселенген жолақтан өтіп, қарсы жолаққа шығып кеткенін анықтады. Бұл құқық бұзушылыққа қатысты 57 жастағы жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 596-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Осыдан 20 минут өткен соң дәл сол жерден тағы бір құқық бұзушылық тіркеліп, «Kia Sportage автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі де жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК 596-бабының 3-бөлігіне сәйкес, екі еселенген сызық арқылы бұрылу қарсы қозғалыс жолағына шығу болып саналып, көлік жүргізу құқығынан алты айға айыру жазасын тудырады.
Жыл басынан бері осындай жол ережелерін бұзған 70-тен астам жүргізушіге қатысты шаралар қолданылып, олар көлік басқару құқығынан айырылды.