Павлодар облысында есірткіге қарсы кездесуге 800 оқушы қатысты
Аққулы ауданының білім беру ұйымдарында нашақорлықтың алдын алу, жастарды құқықтық бағытта тәрбиелеу және ақпараттандыру мақсатында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында пайдалы ақпарат сағаты өтті. 800 оқушы қатысқан кездесу онлайн және офлайн форматта өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті мен Аққулы ауданы прокуратурасының қызметкерлері спикерлер ретінде сөз сөйледі.
Іс-шара барысында есірткі, қолданудың салдары, есірткі мен психотроптық заттарды қолдану мен нашақорлық пен қылмыстың өзара байланысы туралы айтылды. Мамандардың ақпаратын тыңдай келе, балалар нашақорлық – өлімге әкелетін ауру, ал ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымына байланысты әрекеттер үшін 15 жылдан және одан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған түсінді.
Кездесу соңында жасөспірімдерге тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, «Психологиялық релаксация минуты» тренингі өткізілді.
Мектеп фойесінде нашақорлық, ел халқының денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке жаһандық қатер ретіндегі мәселелерге қатысты кітаптар, брошюралар, журнал мақалалары ұсынылған «Есірткіге жоқ деп айт» кітап көрмесі ұйымдастырылды.