Павлодарда өткен “Uzdik Maman” облыстық байқауында сотталған азамат жеңімпаз атанды
Павлодар облысының Жастар бастамаларын дамыту орталығында “Uzdik Maman” облыстық конкурсы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл сайыс әртүрлі саладағы үздік мамандарды анықтап, қолдауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.
Іс-шараның ең жарқын сәттерінің бірі Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №46 мекемеден қатысқан сотталған азаматтың өз қолөнер дағдыларын көрсетуі болды.
Ол ағаштан ерекше дизайндағы үстел сағаттарын жасап, байқауда бірінші орынға ие болды. Қазылар алқасы жұмыстың дәлдігіне, сапасына және функционалдығына жоғары баға берді. Жеңімпаз дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталып, бұл жетістік оның жаңа өмірге қадам басу жолындағы маңызды белеске айналды.