Заң мен тәртіп: балалардың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі
"Заң мен тәртіп" идеологиясын іске асыру аясында Павлодар облысы Ертіс ауданындағы № 1 жалпы орта білім беру мектебінде балалардың қауіпсіздігі мен амандығы, сондай-ақ олардың тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне арналған жиналыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Ертіс аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы Қуат Сәрсембаев қатысты. Ол өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталып, балалар мен жасөспірімдер тап болуы мүмкін өзекті қауіптерді атап өтті.
Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың, буллинг пен кибербуллингтің, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды дропперлікке және есірткі заттарының заңсыз айналымына, соның ішінде есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратуға тарту қаупі түсіндірілді.
Инспектор Қазақстан Республикасының заңнамасындағы негізгі талаптарды түсіндіріп, құқыққа қайшы әрекеттер үшін көзделген жауапкершілікті еске салды. Сондай-ақ ата-аналарды балалардың қауіпті әрі заңсыз әрекеттерге тартылу қаупіне бейжай қарамай, қырағылық танытуға шақырды.
Жиналыс барысында кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын, араласатын ортасын және қайда жүргенін бақылаудың маңыздылығы да сөз болды. Бұдан бөлек, балалардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты заңнамада белгіленген шектеулерді сақтау қажеттігі ескертілді.
Кездесу соңында Қуат Сәрсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету отбасының, мектептің және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, баланың өміріне және қызығушылықтарына көңіл бөлу, сенімді қарым-қатынас орнату, мінез-құлқындағы алаңдаушылық туғызатын өзгерістерге дер кезінде назар аудару және ата-аналық міндеттерді жауапкершілікпен орындау құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Балалардың қауіпсіздігі үлкендердің жауапкершілігінен басталады. Отбасы, мектеп және полиция бірлесе әрекет еткенде ғана әр баланы құқыққа қайшы әрекеттерден және қоршаған ортаның теріс ықпалынан қорғауға болады.
