Өскеменде қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар полиция бақылауында
Өскеменде қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар полиция бақылауында, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғын үйлердің аулалары мен көшелер – баршаға ортақ кеңістік. Ондағы тазалық пен тәртіп әр тұрғынның жауапкершілігіне байланысты. Алайда кейбір азаматтар қоғамдық орындарда белгіленген талаптарды сақтай бермейді.

Мәселен, Өскемен қаласында тұрғын үйлердің аулаларында алкогольдік ішімдіктерді ішуге қатысты екі дерек тіркелді. Оның бірі Астана көшесінде, екіншісі Оралхан Бөкей көшесінде болған. Екі жағдай бойынша да Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Бұдан бөлек, Астана көшесінде тағы бір құқық бұзушылық анықталды. Ер адам пластик стақанды жерге тастап, қоғамдық аумақты ластаған. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін оған ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Қоғамдық тәртіп пен тазалық тек әркімнің жеке үйінің аумағымен шектелмейді. Көшелер мен аулалар, ортақ пайдаланылатын орындар да баршаның ұқыптылығы мен жауапкершілігін талап етеді.
"Заң мен тәртіп" қағидаты – баршаға ортақ. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау – әр азаматтың міндеті.
