Полиция ақмолалықтарды телефон алаяқтарына алданып қалмауға шақырады
Ақмола облысының полиция департаменті тұрғындарды бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлескенде сақ болуға және жеке деректерін ашпауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгісіз нөмірден қоңырау шалып, жеке мәліметтер немесе құпия кодтарды сұраған жағдайда, әңгімені дереу үзіп, мәліметті өзіңіз тексергеніңіз абзал. Егер банктік шотыңызда күдікті әрекеттер орын алғаны туралы хабар келсе, банкке ресми нөмір арқылы хабарласып, ақпаратты растаңыз. Ешбір жағдайда қосымшаларды қысыммен жүктеп, телефон арқылы бөгде адамдарға әрекеттеріңізді басқаруға мүмкіндік бермеңіз.
Алаяқтардың арбауына түскен жағдайда, шығынды болдырмау үшін полицияға және банкке шұғыл хабарласыңыз.
Мәселен, 25 қазанда Бұланды ауданының тұрғыны белгісіз нөмірден қоңырау қабылдады. Телефон тұтқасында ер адам әйелдің аты-жөнін, мекенжайын атап, шетелден сәлемдеме келгенін және оны алу үшін 1414 нөмірінен келген растау кодын жіберу қажеттігін айтты. Әйел бұған күмән келтірмей, кодты беріп қойған.
Көп ұзамай оған тағы бір қоңырау түсті. Бұл жолы өзін банктің қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырған ер адам, алаяқтардың оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын жеткізді. «Кодты басқа біреуге тапсырмадыңыз ба?» деп сұрағаннан кейін, оны несие бөлімінің жалған маманына қосты. Әйелдің күмәні болса да, алаяқтар оны мұқият дайындалған сөздермен сендіріп, екінші телефон қосып, әрекеттерін бейнебайланыс арқылы бақылауға ұсыныс жасады.
Осылайша, әйел гипноздық әсерде, олардың тікелей нұсқауларын орындай отырып, бірнеше банк қосымшасын жүктеп, «тексеруден» өтті. Қаскүнемдердің қысымы мен психологиялық ықпалында болған ол күні бойы түрлі банктерден жалпы сомасы 10 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, бар қаражатты алаяқтарға аударды. Мұның барлығы жәбірленушіге ойлануға мұрсат бермей, тез әрекет етуге мәжбүрлеу арқылы жүзеге асты.