Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада зейнеткерді "қауіпсіз шотқа" ақша аударуға көндірген күдікті шетел азаматы ұсталды

Астаналық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында интернет-алаяқтық фактісін ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Зейнеткерге алдымен өзін "Қазақтелеком" қызметкері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалып, тарифке жеңілдік рәсімдеу сылтауымен оның жеке деректерін алған. Кейін алаяқтар өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткердің атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Олар ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген.

Алаяқтардың нұсқауы бойынша жәбірленуші алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, банк бөлімшесіне барып, қаскөйлер көрсеткен телефон нөмірлері арқылы шетелдегі банк шоттарына 4 668 АҚШ долларын, яғни 3 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Тергеу барысында жәбірленушінің алаяқтық схемаға тартылғаны да анықталды. Белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ол басқа қалаға барып, өзге зейнеткерден 15 млн теңгеге жуық қаражатты алып, оны алаяқтарға берген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық схемаға қатысы бар 42 жастағы шетел азаматы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Қылмыстық схемаға қатысы бар өзге де тұлғалар, ақша қаражатының қозғалысы және осыған ұқсас фактілер анықталуда.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдарының немесе банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалған адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз және бағалы заттарды ломбардқа өткізбеңіз.

Күмәнді жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз тексеріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру