Телефонға алаңдаған 3 мыңнан астам жүргізуші: полиция павлодарлықтарға ескертеді
Павлодар облысында жыл басынан бері көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған 3 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодар облысының жолдарында көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланған 3 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Көлік жүргізу мен телефон арқылы сөйлесу немесе интернетте хат алмасу бір-бірімен үйлеспейді. Мұндай сәтте жүргізуші өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, кейбір жүргізушілер көлік басқару кезінде смартфон пайдалануды жалғастырады, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.
Мәселен, Павлодар қаласындағы М. Жүсіпов көшесінде полиция қызметкерлері көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлескен жүргізушіні тоқтатты. Ер адам өз кінәсін мойындап, маңызды қоңырау болғандықтан жауап беруге мәжбүр болғанын түсіндірді.
Көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу немесе хабарлама жазу жүргізушінің назарын жолдағы жағдайдан алаңдатады. Бұл жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін.
Аталған құқық бұзушылық үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.
Полиция жүргізушілерге қоңырауға шұғыл жауап беру қажет болған жағдайда көлікті қауіпсіз жерге тоқтатуға кеңес береді. Сондай-ақ қолды пайдаланбай сөйлесуге мүмкіндік беретін арнайы гарнитураны қолдануға болады.
Павлодар облысының полициясы жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді де жол қозғалысы кезінде смартфон пайдаланудан бас тартуға шақырады.
