Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер қан кетіп, жағдайы нашарлаған ер адамды ауруханаға шұғыл жеткізді

Солтүстік Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері отадан кейін жағдайы күрт нашарлаған ер адамды ауруханаға жедел жеткізіп, дер кезінде медициналық көмек алуына жәрдемдесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 25 қараша күні сағат 16:15 шамасында Челябі – Новосібір автожолының Знаменское ауылы маңында болған. Қызметтік міндетін атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне Chery Tiggo автокөлігін тізгіндеген әйел көмек сұрап жүгінген. Ол жақында ота жасалған әкесін ауруханаға алып бара жатқанын, алайда жағдайы күрт нашарлағандықтан, медициналық мекемеге тезірек жету үшін полицияның көмегі қажет екенін айтқан.

– Әкемнің жағдайы кенеттен нашарлап, операциядан кейінгі тігістерінен қан кете бастады. Жағдай өте күрделі болды. Оған шұғыл медициналық көмек қажет еді. Аурухананың хирургия бөлімінде дәрігерлер күтіп отырған болатын, – деп жазды әйел кейін полицейлерге жолдаған алғыс хатында.

Жағдайдың шұғыл екенін түсінген тәртіп сақшылары науқасты қызметтік автокөлікке отырғызып, дереу ауруханаға бет алған. Бұл уақытта жолдағы жағдай да қолайсыз еді. Кешкі уақытта мұз қату қаупі болғандықтан, өзге көліктің жоғары жылдамдықпен ілесіп жүруі қауіпті еді.

Полицейлер қызметтік көліктің жарқылдауық шамдары мен арнайы дыбыстық сигналын қосып, ер адамды шамамен 20 минут ішінде медициналық мекемеге жеткізген.

Әкесінің дер кезінде дәрігерлердің көмегіне жүгінуіне ықпал еткен полиция қызметкерлеріне әйел шынайы ризашылығын білдірді.

– Полиция капитаны Әділбек Қоқашев пен полиция аға лейтенанты Мейрам Қазиевке шын жүректен алғыс айтқым келеді. Олар менің өтінішіме бейжай қарамай, бірден көмекке ұмтылды. Солардың арқасында әкем уақытылы шұғыл медициналық көмек алды, – делінген алғыс хатта.

Науқасты дәрігерлерге тапсырғаннан кейін тәртіп сақшылары патрульдеу бағытына қайта оралып, қызметін жалғастырған.

Айта кетейік, ауа райының құбылмалы кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейткен.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға, жылдамдықты асырмауға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және күрт маневрлер жасамауға шақырады. Сондай-ақ қысқы дөңгелекке әлі ауыспаған жүргізушілерге көліктерін қыс мезгіліне дайындау қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру