Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада әскери музыканттар байқауының жеңімпаздары марапатталды

М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының сахнасында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери музыканттар арасында алғаш рет ұйымдастырылған байқаудың соңғы бөлімі — салтанатты концерт өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқаудың ақтық сынына Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ұлттық ұланның 16 талантты музыканты қатысты, олардың арасында халықаралық фестивальдердің жеңімпаздары мен лауреаттары бар. Олар үрмелі және ұрмалы аспаптарда орындау шеберлігін көрсетті.

Айта кету керек, бұл байқау ҚР Ұлттық ұланында бірінші рет өткізіліп отыр.

Іс-шараның басты мақсаты — рухты көтеру, әскери музыканы насихаттау және өскелең ұрпақты патриоттық рухиа тәрбиелеу.

– Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы атынан және өз атымнан музыканттарға конкурсқа қатысқаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Барлық өнер иесіне зор денсаулық, шығармашылық қызметте жаңа биіктерді бағындыруды, сондай-ақ еліміздің өркендеуі үшін қиын әскери қызметте үлкен табыстар тілеймін, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов.

Жеке қойылымдардан басқа, көрермендерге Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің, Құрмет қарауыл ротасының, сондай-ақ Ән-би ансамблінің және ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық орталығының балалар би ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

– Ұлттық ұланда әскери қызмет өткере жүріп, көптеген дарынды музыкант шығармашылық жұмысты қатар атқарады. Осындай талантты орындаушыларды қолдау мақсатында біз Ұлттық ұлан тарихында І Әскери музыканттар байқауын ұйымдастырдық. Байқау өнерпаздардың үлкен жетістіктерге жол ашар бастапқы алаңы болуға, Қазақстанның музыкалық мұрасының байлығы мен сұлулығын көрсетуге бағытталды, – дейді Әскери оркестрлер орталығының бастығы Олжас Құдайқұлов.

Қорытынды концерт барысында әскери музыканттар әскери, классикалық және халық композицияларын орындады, сондай-ақ көрермендер Құрмет қарауыл ротасының дефиле шеруі мен қарулар қойылымынан эстетикалық ләззат алды.

Құрамында ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Әсет Нелдібаев, «Астана Опера” солисі Тромбондар тобының концертмейстері Алмас Сағымбаев, Қазақ ұлттық өнер университетінің үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасының оқытушысы Жанат Жақаев, «Құрмет» орденінің иегері ҚР ҚМ Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы Алмас Ибрагимов бар қазылар алқасы байқау критерийлеріне сәйкес ең лайықты өкілдерді таңдады.

Конкурс қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан академиясының аға маманы (концертмейстер) Марат Сүндетов (Петропавл қ.) Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды 5571 (Алматы қ.) әскери бөлімінің музыкант-маманы Кристина Бердник иеленді. Екінші орын 5573 әскери бөлімінің Ән-би ансамблінің аға маманы (аға музыкант) қатардағы Диана Рүстембековаға (Астана қ.) бұйырды. Үшінші орынды 5571 әскери бөлімінің аға маманы (концертмейстері) Ержан Назаров (Алматы қ.) иеленді.

Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан дипломдармен, ескерткіштермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды марапаттай отырып, байқауға қатысу шығармашылық өмірбаянның елеулі кезеңі болатынын, ал жинақталған тәжірибе Ұлттық ұланның әскери музыканттарына жаңа кәсіби шыңдарды бағындыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру