Бөлімнің «маягы»: ең бойшаң ұландық сарбаз
Қазақ әскері қатарында бойы 2 метрден асатын сарбаз бар десек, ертегіге балайтындар да табылар. Бірақ бұл шындық және бұл туралы Polisia.kz редакциясы баяндап береді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрдәулет Құдабай, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3517 әскери бөлімінде қызмет ететін, бойы 2 метр 4 сантиметрге жететін азамат.
Шымкент қаласынан шақырылған жауынгер өзгелермен салыстырғанда ұзын бойымен ерекшеленеді. Отбасында да ұзын бойлылар аз емес: ата-анасының бойы 1 метр 80 сантиметрден асса, ағасы мен әпкесі де көпшіліктің назарын бірден өздеріне аудартады.
Нұрдәулеттің өзі бұл ерекшелікті мақтанышпен: «Әкемнің ата-анасы да ұзын бойлы еді, сондықтан бұл біздің отбасылық ерекшелігіміз», – деп түсіндіреді.
Қатардағы сарбаз Құдабай әскер қатарында ешқандай артықшылықсыз қызмет етеді. Оның төсегі арнайы ұзартылып, 2 метр 5 сантиметрге лайықталған.
– Әуелде барлығы таңырқап, бойымды сұрайтын, бірақ уақыт өте бойшаңдыққа үйреніп кеттік», – дейді ол күлімсіреп.
Әскери өмірде бойшаң болудың өз артықшылықтары да, қиындықтары да бар екен. Мысалы волейбол ойынында оның шеберлігі мен бойы таптырмас артықшылық болса, киім таңдауда қиындықтарға жиі тап болады. Дегенмен, әскери бөлім қоймасынан 56 өлшемді форма мен 48 өлшемді бәтеңке табылыпты. Ал ғимарат ішінде төменгі есіктерден өткенде басын шалқайта жүруіне тура келеді.
Нұрдәулет Отан алдындағы азаматтық парызын өтеу үшін Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университетіндегі оқуын уақытша тоқтатқан.
Қатарластары бойының құпиясын жиі сұрайды екен, ал Нұрдәулет күліп: «Бұл жерде ген кез келген жаттығудан күшті!» – деп жауап береді.
Бөлімдегілер оны әзілдеп «бөлімнің маягы» деп атайды, бірақ сарбаз бұл атауға ренжімейді. Қайта бойшаңдығын тек сыртқы ерекшелік қана емес, Отан алдындағы жоғары жауапкершіліктің символы деп санайды.
Қызмет мерзімі аяқталған соң, Нұрдәулет білімін жалғастыруды жоспарлап отыр. Алайда, ол әскери өмірдің берген өмірлік сабақтарын ұмытпайтыны анық. «Әскер – нағыз өмір мектебі», – деп санайды ол.