Қостанайда сотталғандар «Шолпанның күнәсі» спектаклін тамашалады
Қостанай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №40 мекемеде сотталғандарға Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты танымал туындысы негізінде қойылған спектакль ұсынылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақ әйелінің ішкі қайшылықтары мен махаббат пен өкінішке толы өмірін суреттейтін бұл қойылым сотталғандар алдында терең рухани әсер қалдырып, жүректерге жетті.
Спектакльде қазақ халқының нәзік те күрделі келбеті сомдалып, махаббат пен әлеуметтік алалаушылықтың айшықты бейнелері көрсетілді. Шолпан рөлін тамаша орындаған актриса әйел тағдырын, оның ішкі күрестерін шынайы жеткізе білді. Қоғамның қателік жасаған әйелге деген қатал көзқарасын сынай отырып, қойылым адамзатқа ортақ құндылықтарды терең сезінуге шақырды.
Сотталғандар үшін бұл шара тек өнерді тамашалау ғана емес, сонымен қатар рухани байлыққа, ішкі жан дүниеге үңілуге мүмкіндік берді. Қойылым оларға ой салып, өмірге басқаша көзқараспен қарауға жетелеген маңызды тәлімге айналды.