Екібастұзда оқушыларға есірткінің зияны туралы айтылды
Екібастұзда оқушыларға есірткінің зияны туралы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласы №28 мектебінің “Мирас” балалар клубында Екібастұз қаласы ювеналдық полиция инспекторы Динара Қалықованың қатысуымен “Нашақорлық – ғасыр дерті” тақырыбында жасөспірімдер арасында есірткі заттарын қолдану мен таратудың алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.
Кездесу барысында оқушыларға есірткінің салдары толық айтылды. Есірткі қылмысы туралы да ақпарат алды. Сондай-ақ кездесу барысында полиция қызметкерлері буллинг не екенін, оның қандай салдары бар екенін атап өтті. Сонымен қатар осындай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды.
– Жасөспірімдер тезірек ересек болуды қалайды, әсіресе қоршаған ортаның жағымсыз әсерлеріне ерекше бейім келеді. Ата-аналар балаларымен үнемі жақын сөйлесу керек, сырласқан жөн. Олардың қайда баратынын, балаларға қолма-қол ақша берген кезде оны қай мақсатқа жұмсайтынын, тәуліктің кешкі және түнгі уақытында көшеде жүрмеуін қадағалау қажет, – деп атап өтті Динара Қалықова.