СҚО-да полиция қызметкерлері мектеп директорлары қауымдастығының отырысына қатысты
СҚО-да полиция қызметкерлері мектеп директорлары қауымдастығының отырысына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында үш жасөспірім есірткі сатқаны үшін сотталды – полиция қызметкерлері осы және басқа да фактілер туралы Петропавлдағы № 9 мектепте облыстық әдістемелік орталық ұйымдастырған мектеп директорлары қауымдастығының облыстық отырысында айтты. Білім ошақтарының директорлары полиция, прокуратура және психикалық қолдау орталығының қызметкерлерімен кездесті.
Ювеналдық полицейлер жас ұрпаққа қауіп төндіретін есірткі тарату, буллинг және басқа да заң бұзушылықтар үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті еске салды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты заңсыз әрекеттер туралы хабарламағаны үшін мұғалімдердің жауапкершілігі туралы айтылды.
Тәртіп сақшылары жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, осы жылы облыста үш кәмелетке толмаған бала есірткі сатқаны үшін бас бостандықтарынан айырылғанын хабарлады.
Психотроптық заттарды таратушылар жасөспірімдерді Telegram арқылы белсенді түрде арбап, “көп ақша” мен “толық қауіпсіздікті” уәде етеді. Шындығында, орташа есеппен есірткі жасырушының жұмыс істеу мерзімі үш айдан аспайды, одан кейін ол қолға түсіп, тергеу жүргізіледі, кейін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады.
– Біз ұстаздарға қазіргі заманғы жас ұрпаққа бағытталған қауіп-қатерлерді ескеруді, олар туралы ата-аналарды хабардар етуді, “102” арнасына ықтимал заңсыз әрекеттер туралы немесе оқу орнына бекітілген аумақтық бөліністің қызметкеріне дереу полицияға хабарлауды ұсынамыз. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын нығайтуға және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыруға бағытталған, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.