Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мамандыққа бағдар. Оқушылар ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөліміне барды

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға әскери бөлімнің қолдауымен ашылған Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан №33 жалпы білім беретін орта мектебінің әскери-патриоттық “Жас бүркіт” клубы тәрбиеленушілері қатысты.

Әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ұлықбек Қараев келген қонақтарды қарсы алып, саптық алаңда бүгінгі іс-шараның мақсатын және жоспарын таныстырды. Патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне әскери бөлімнің қару-жарағы мен әскери техникасы көрсетілді.

Оқушылар құқықтық тәртіп әскері көліктерінің рөліне отырып, АК-74 атыс қаруын бөліктерге бөліп, қайта жинады. Сондай-ақ оқушылар 1-жедел мақсаттағы ротасының казармасында болып, ұландықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-шараның таныстыру айдары аяқталған соң, оқушылар жауынгердің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау киімін кию нормативі бойынша сайыста бақ сынады. Әрі қарай кинолог мамандар қызметтік иттермен жарылғыш заттарды табу және қылмыскерлерді ұстау жаттығуларын көрсетті.

Іс-шара әскери бөлімнің мәдени-демалыс орталығында концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ұлттық ұланның солисттері рух, күш-жігер  беретін патриоттық бағыттағы әндерді орындады. Бағдарламада кәсіптік бағдар беру жұмысы да қамтылды. Орта мектептің әскери-патриоттық “Жас бүркіт” клубы тәрбиеленушілеріне бейнероликтер ұсынылды. Онда құқықтық тәртіп әскерлері үшін мамандар даярлауды жүзеге асыратын 25 жылдық тарихы бар академияның қызметі баяндалды.

Ашық есік күнінің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық сезімін ояту, оқушыларды Ұлттық ұлан қызметімен таныстыру, сондай-ақ оларды академияға түсуге кәсіби бағдарлау болды, – деді Ұлықбек Қараев.

Іс-шара соңында оқушылар мен жетекшілеріне әскери бөлім командирінің атынан грамоталар табысталды. Қонақтар шараны ұйымдастырған әскери қызметкерлерге алғысын білдіріп, ел қорғауда қажымас жігер тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру