ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясында жаңа казарма ашылды
Петропавлда ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясының жаңа казарма ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа казарманың ашылу салтанатында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков құттықтау сөз сөйледі.
Аталған іс-шараға ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарлары Бауыржан Әбжанов пен Еркебұлан Хамидуллин, сондай-ақ “Орталық” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Сакентай Шекарбеков және өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.
Дәстүрге сәйкес казарманың қызыл лентасын аймақ басшысы мен Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы кесті.
– Казарманың жаңа түрі жайлы, заманауи, ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Бұл жай ғана ғимарат емес, оқу уақытына арналған жаңа үй. Мұның бәрі ізгі қамқорлықпен жасалды. Сіздерге өз ісіңіздің нағыз кәсіпқойы болу үшін оқуда сәттілік тілеймін. Біздің ел сіздерге сенім артады, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
– Біз еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі болып табылатын болашақ офицерлер үшін жаңа казарманың ашылғанына куә болдық. Мұнда оқыту мен қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Академия курсанттары осы мүмкіндіктерді пайдалана алатынына және білімді тәртіппен үйлестіре отырып, Отанға адал қызмет ететініне сенімдімін, – деді Аңсаған Балтабеков.
Осыдан кейін облыс әкімі мен Ішкі істер министрінің орынбасары бастаған құрметті қонақтар 27 жыл ішінде 4 мыңнан астам офицер дайындаған академияның казармалары мен оқу корпустарын аралады. Олар қолбасшылық және басқару кабинеттерінде, оқу орнының кафедраларында болды. Магистратура және қосымша білім беру факультетіне барып, білімдерін тереңдету, жаңа кәсіби дағдыларды алу және әскери мамандардың іскерлік қасиеттерін дамыту жөніндегі міндеттерді білді.
Делегацияны ҚР ІІМ Ұлттық ұланы академиясының бастығы Артур Токушев алып жүрді.
Айта кетсек, казармада жатын бөлмелері, жаттығу залдары, тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер, заманауи жуынатын бөлмелер, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау бөлмелері және оқу сыныптары бар. Барлық үй-жай бірыңғай стильде салынған және барлық заманауи техникалық жабдықпен жабдықталған.
Сондай-ақ қонақтар академия мұражайына барды, онда оның тарихы мен күнделікті өмірін бейнелейтін экспозицияларды тамашалады. Содан кейін қонақтар академияның басқа нысандарының құрылыс барысымен танысты.
Ал әскери оқу орнының клубында Ансаған Балтабеков академияның қолбасшылығымен, профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізді.
Іс-шара соңында Бас қолбасшы академияның Ұлттық ұлан үшін маңыздылығын атап өтіп, еліміздің болашақ қорғаушыларын тәрбиелеуге қосқан үлесі және олардың білім беру міндетін абыроймен атқарып жүргені үшін жеке құрамға алғысын білдірді.