Биіктен бақылау: полиция Бурабай табиғатын дронның көмегімен күзетеді
Полицейлер Бурабай табиғи аймағын дронның көмегімен күзетеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бурабайдың әсем табиғаты – халқымыздың баға жетпес байлығы. Осы табиғаттың тұмса сұлулығын сақтау мақсатында өңірде табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша қатаң шаралар қолға алынуда. Бүгінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауда заманауи технологиялар кеңінен пайдаланылып келеді. Соның бірі – әуе патрульдеуіне арналған дрондар.
Дрондар арқылы табиғи аймақта заң бұзушылықтарды анықтау мен алдын алу шаралары тиімді жүзеге асуда. Жуырда ғана енгізілген бұл әдіс қазірдің өзінде заңсыз балық аулау мен аңшылық әрекеттерін тыюда өз нәтижесін көрсетіп үлгерді. Сонымен қатар өрт ошақтарын анықтап, дер кезінде тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.
20 қарашада полицейлер профилактикалық рейд барысында дрондарды пайдаланып, Кіші Чебачье, Шучье және Бурабай көлдерінің аумағын, сондай-ақ орман алқаптарын тексерді. Бұл рейдтің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен бірге күзгі-қысқы мезгілде жұқа мұзда балық аулаудың қауіптілігін ескерту, балықшылардың құжаттары мен құрал-жабдықтарының заңдылығын тексеру.
Бурабай аудандық табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, аға лейтенант Думан Жуманалиннің айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қызметкерлерге жоғары жауапкершілік жүктейді. Биыл арнайы мобильді топтар 180-нен астам рейдтік іс-шара өткізіп, аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу бойынша 200-ге жуық құқық бұзушылықты анықтап, жолын кескен.
Бурабай табиғи қорығын қорғау бойынша жұмыстар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп жүргізілуде. Ұлттық парктің қызметкерлері де рейдтік және профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысады. Сонымен қатар ұлттық парк аумағында жұмыс істейтін заманауи бейнебақылау жүйелері өз тиімділігін дәлелдеді.
Қазіргі таңда орнатылған 13 бейнебақылау мұнарасы шамамен 30 шақырым радиусты қамтиды және 360 градус көрініс ұсынады. Камералар тәулік бойы жұмыс істеп, табиғи кешеннің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді. Дрондармен ұшқышсыз әуе бақылауы және бейнекамералар арқылы мониторинг жүргізу – Бурабайдың бірегей табиғатын сақтауда маңызды рөл атқарып отыр.
Бұл шаралар болашақ ұрпақ үшін Бурабайдың тұмса табиғатын қорғау жолындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.