Ақмолада полицейлер мен ардагерлер тәлімгерлік және отбасылық құндылықтарды талқылады
Ақмолада полицейлер мен ардагерлер тәлімгерлік және отбасылық құндылықтарды талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінде жас қызметкерлердің облыстық слеті аясында тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарының басшылары, тәжірибелі қызметкерлер мен құрметті ардагерлер, сондай-ақ кәсіби қызмет жолын бастаған жас полицейлер қатысты.
Отырыста Тәлімгерлердің жас қызметкерлермен жүргізіп жатқан жұмысы басты назарға алынды. Кездесу барысында тәлімгерлердің баяндамалары тыңдалып, жас мамандардың қызметке бейімделуі мен алғашқы нәтижелері талқыланды.
Аға әріптестердің тәжірибесі жас полицейлерге қызметке тез бейімделуге, практикалық дағдыларды меңгеруге, ішкі істер органдарындағы жұмыстың ерекшеліктерін түсінуге және қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға көмектеседі.
Отырыс барысында отбасылық құндылықтарды сақтау мәселесіне де ерекше мән берілді. Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері жас қызметкерлермен өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, отбасының адамның жеке тұрақтылығы мен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Ардагерлер кеңесі мен Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәуітбек Нұрғалиев слетке қатысқан жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлеріне "Семья и мера" кітаптарын табыс етті. Символдық сыйлық отбасылық қарым-қатынас пен өзара сыйластықтың маңызын тағы бір еске салды.
Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов жас қызметкерлерге кәсіби жолының алғашқы кезеңінен абыроймен өтіп, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті әрдайым есте ұстауға, аға әріптестерін құрметтеуге және отбасының қолдауын бағалауға тілектестік білдірді.
Отырысқа қатысушылар тәлімгерлік институты жас қызметкерлерді кәсіби тәрбиелеу жүйесінің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу қызметтің үздік дәстүрлерін сақтауға және жас полицейлердің таңдаған кәсібіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
