Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер отбасылық квест-викторинаға қатысты

Петропавлда Отбасы күніне орай "Отбасылық тимбилдинг – бірлігіміз күште!" атты интерактивті квест-викторина ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бес отбасылық команда қатысқан сайыста отбасы мүшелері тапқырлық, өзара түсіністік және бірлесе әрекет ету қабілеттерін сынады. Квест бірнеше тақырыптық станциядан тұрды. Әр кезеңде қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, білімдері мен шапшаңдықтарын ортаға салды.

Іс-шараға полиция қызметкерлері мен бейінді сала мамандары да қатысты. Тәртіп сақшылары есірткі қылмысының алдын алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу тақырыптарында арнайы викториналар өткізді.

Тапсырмаларды орындау барысында қатысушылар уақыттарын қызықты өткізіп қана қоймай, отбасы мүшелерімен бірлесіп шешім қабылдаудың және бір-біріне қолдау көрсетудің маңызын түсінді. Сонымен қатар балалар мен ата-аналар қауіпсіздік ережелері мен түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу жолдары туралы пайдалы ақпарат алды.

Іс-шара "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламалары аясында өтті. Негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен қолдауды нығайту, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.

Квест соңында жас қатысушыларға демеушілердің атынан сыйлықтар табысталды. "Мир аттракционов" ЖШС директоры Александр Козловтың қолдауымен балалар аттракциондарға тегін билеттерге ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру