Қызылордада жазасын өтеушілер отбасыларына тілек жазды
Отбасы күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілерге отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіруге және жақындарына деген сағынышы мен сүйіспеншілігін жеткізуге мүмкіндік берген тағылымды іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараны мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаева өткізді.
Іс-шара барысында жазасын өтеушілерге "Отбасы – менің тірегім" атты бейнеролик көрсетілді. Онда отбасының адам өміріндегі орны, ата-анаға деген құрмет, балаға деген сүйіспеншілік және отбасындағы өзара түсіністіктің маңызы туралы айтылды.
Шараның әсерлі сәттерінің бірі – "Тілек ағашы" болды. Қағазға бейнеленген ағаштың бұтақтарына жазасын өтеушілер отбасы мүшелеріне арналған жүрекжарды тілектерін жазып, ілді.
Бірі ата-анасына амандық тілесе, енді бірі балаларының бақытты болуын тіледі. Кейбір тілектерден туған үйі мен жақындарына деген сағыныш анық сезілді.
Шара соңында жазасын өтеушілердің бірі өз әсерімен бөлісті.
– Отбасы – адамға қандай жағдайда да күш беретін ең жақын жандар. Осы жерде жүріп, отбасымның қадірін бұрынғыдан да жақсы түсіндім. Тілек ағашына ең алдымен ата-анамның амандығын, балаларымның бақытты болуын тіледім. Әр адамның жүрегінде отбасы деген қасиетті ұғым бар. Мен де жақындарымның сенімін ақтап, алдағы өміріме дұрыс қадам жасағым келеді, – деді сотталған азамат.
Психолог Гүлжанат Шынарбаеваның айтуынша, отбасы тақырыбындағы мұндай жұмыстар жазасын өтеушілердің өз сезімдерін ашық жеткізуіне, жақындарымен рухани байланысын сезінуіне және болашаққа оң көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді.
Отбасы – адамға мейірім мен махаббат сыйлап, қиын сәтте демеу болатын берік тірек. Ал "Тілек ағашына" жазылған әрбір сөз – жақындарға деген сағыныш пен ақ ниеттің көрінісі.
