Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтармен кездесу өтті
Сырдария аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету мақсатында кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Арман Жұмаш, аудандық пробация қызметінің мамандары және Мансап орталығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында прокурор Арман Жұмаш пробация есебіндегі азаматтарға заң талаптарын сақтау, белгіленген міндеттерді орындау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қоғамға қайта бейімделу кезеңінде тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
Ал Мансап орталығының мамандары жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, аудан аумағындағы бос жұмыс орындары, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар және жұмыс іздеушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, жұмысқа орналасу, құжаттарды рәсімдеу және әлеуметтік қолдау алу бағыттары бойынша мамандардан кеңес алды.
Қазіргі таңда Сырдария аудандық пробация қызметінің есебінде 50-ден астам сотталған азамат тұр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету, әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету және қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу.
