Шымкентте запасқа шығарылған ұландықтарға құрмет көрсетілді
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 2-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығаруға арналған салтанатты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Барлығы еліміздің әртүрлі аймағынан келген 400-ден астам мерзімді әскери қызметші үйлеріне жіберілді. Іс-шараға бригада басшылығы, мерзімді қызмет сарбаздары және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысты. Рәсім барысында Отанға қызмет еткені және адалдығы үшін жылы лебіздер айтылды.
Командирлер жауынгерлердің әрқайсысы қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау арқылы елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосқанын атап өтті.
Жауынгерлік дайындықтағы және үлгілі әскери тәртіптегі жоғары көрсеткіштері үшін қызмет барысында ерекшеленген сарбаздар грамоталармен және төсбелгілермен марапатталды, олардың ата-аналарына алғыс хаттар жіберілді. 38 сарбаз жоғары оқу орнына ақысыз негізде түсу туралы сертификаттар алды.
– Бүгін біз өз міндеттерін лайықты орындаған қарулас бауырларымызды шығарып салып отырмыз. Сіздер үлкен отбасының бір бөлігі болдыңыздар және өздеріңіз туралы тек жағымды естеліктер қалдырдыңыздар,- деп атап өтті бригада командирі Марат Рахпанов.
Сарбаздар өз кезегінде командирлері мен әріптестеріне қолдап, әрдайым жандарынан табылғаны үшін алғыс білдірді.
– Ұлттық ұландағы қызмет біз үшін сынақ қана емес, өмірдегі маңызды кезең болды. Біз елімізді қорғауға өз үлесімізді қоса алғанымызды мақтан тұтамыз, – деді қатардағы жауынгер Диас Бақытжан.
Салтанатты рәсім соңында бөлімшелер үйге қайтып бара жатқан әскери қызметшілердің алдында салтанатты шерумен өтті.