ІІМ делегациясы Ақмола облысына іссапармен барды
ІІМ делегациясы Ақмола облысына іссапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасы негізінде ішкі істер органдарындағы кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта 21-22 қараша күндері ІІМ делегациясы Ақмола облысының Ерейментау және Шортанды аудандарының полиция бөлімдеріне, сондай-ақ Степногорск қаласының полиция басқармасына арнайы сапар жасады.
Делегация құрамына ҚР ІІМ Ұлттық ұланы және ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы, министрдің кеңесшісі, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ерлан Арыстанов, сондай-ақ Ақмола облысы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Дамир Нұрғалиев кірді.
Сапар барысында ІІМ өкілдері ішкі істер органдарының ардагерлерімен, ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен, полиция бөлімшелері мен басқармаларының басшыларымен және жеке құраммен кездесу өткізді.
Өз сөзінде Өмірзақ Қоспанұлы Мемлекет басшысының «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттердің жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. Ол ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс орнату, тәрбие жұмыстарын күшейту, қызметтік тәртіпті сақтау және тәлімгерлер кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттілігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар ІІО ардагерлерінің тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы рөліне айрықша баға берді.
Кадр саясаты департаментінің аға инспекторы Ерлан Арыстанов жеке құрамға 2024 жылдың алғашқы 10 айындағы қызметкерлер арасында тіркелген тәртіптік бұзушылықтар туралы мәліметтерді жеткізді. Ол полицейлерге қойылатын жеке және кәсіби талаптардың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, қызметтік тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын баса айтты.
Сапар аясында ІІО қызметіне белсене атсалысқан ардагерлер, атап айтқанда Владимир Лященко, Жақсылық Абрахманов, Қасым Тайшықов, Владимир Левицкий және тағы басқалары грамоталар мен медальдармен марапатталды.
Айта кетейік, 2024 жыл Ішкі істер органдары үшін «Кадрлық әлеуетті жетілдіру» жылы деп жарияланған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Министрлік өкілдері Ақмола облысы полиция департаментінің басқа құрылымдық бөлімшелерімен де кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Мұндай шаралар полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға, тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлерімен және қоғаммен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған.