ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында оқу-жаттығу іс-шарасы өткізілді
Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы Атыс және дене даярлығы циклінің ұйымдастыруымен «Ішкі істер органындағы атыс қаруының түрлері, арнайы құралдары мен техниканы және құтқару құралдарын қолдану тәртібі» атты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шараға ҚР ІІМ Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің қызметкерлері, ҚР ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының өкілдері, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қатысты.
Жиынды өткізудегі басты мақсат – қару түрлері, арнайы техника мен құтқару құралдарын таныстыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция қызметінің өзекті мәселелерін ортаға салып, пікір алмасу.
– Бүгінгі өткізілген іс-шараның міндеті – атыс, арнайы және құтқару құралдарын қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын зерделеу, сақтау, қызметкерлерді қиын жағдайларда өз-өзін ұстау және қажетті психологиялық қасиеттерді меңгеруге үйрету. Полиция қызметіне жаңадан қабылданатын алғашқы кәсіптік даярлыққа келген тыңдаушылар өз қалауымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге батыл шешім қабылдады. Ал біздің оқу орталығымыз антқа адал сақшыларды даярлау жолында аянбай қызмет етіп келеді, – деді Атыс және дене даярлығы циклінің аға оқытушысы Меркен Шоқыбасов.