Теміржол жолағында мал жайған 2614 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Теміржол жолағында мал жайған 2614 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері темір жол бойындағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау барысында шұғыл тежеу жағдайларын болдырмау үшін 4091 рейдтік іс-шара және тұрғындармен 2551 кездесу ұйымдастырылды.
Алайда тұрғындар тарапынан темір жол қауіпсіздігін сақтамау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Жыл басынан бері темір жолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2614 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жамбыл облысындағы Отар-Шу темір жол учаскесінде жолаушылар пойызының машинисі темір жолға шығып кеткен жылқыны байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болды. Алайда соққының алдын алу мүмкін болмады, салдарынан жылқы пойыздың астына түсті.
Ұлытау облысының Қызылжар – Түйемойнақ учаскесінде де осындай қайғылы жағдай орын алды. Жолаушылар пойызы үш бас жылқыны қағып кеткен.
Тексеру барысында Шу және Жезқазған станцияларындағы желілік полиция бөлімдерінің қызметкерлері үй жануарларының иелерін анықтап, оларды темір жолдың қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.