Көлік полицейлері жасанды интеллект пен вайб-кодинг әдістерін меңгеруде
Көлік полицейлері жасанды интеллект пен вайб-кодинг әдістерін меңгеруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы Астанада өткен екі күндік тренинг барысында цифрлық құзыреттерін жетілдірді. Оқу Қазақстан Республикасы ІІМ Басқару академиясының базасында ішкі істер органдарын цифрлық трансформациялау бағытындағы жұмыстар аясында ұйымдастырылды. Оған көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев, оның орынбасарлары, сондай-ақ департамент аппаратының қызмет басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Оқу барысында көлік полицейлері жасанды интеллект құралдарын қызметтік жұмыста қолдану мүмкіндіктерін зерделеп, заманауи цифрлық шешімдермен танысты. Сонымен қатар нейрондық желілер мен мәтіндік сұраулардың көмегімен бағдарламалық өнімдер мен қолданбалы сервистерді жедел әзірлеуге мүмкіндік беретін вайб-кодинг әдісінің негіздерін меңгерді.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаевтың айтуынша, мұндай біліктілікті арттыру – уақыт талабы.
- Жасанды интеллект – қызметтің тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи технология. Полиция қызметкерлері озық цифрлық құралдарды меңгеріп, бүгінгі талаптарға сай болуы тиіс. Бұл – ішкі істер органдарын дамытудағы маңызды әрі тиімді қадам, – деді ол.
Департамент басшысы әріптестеріне сәттілік тілеп, оқу барысында алған білімдері күнделікті қызметте тиімді қолданылатынына сенім білдірді.
Қызметкерлер цифрлық құзыреттерді дамытуға және жұмыс процестерін автоматтандыруға бағытталған оқу курсын аяқтады. Бағдарлама аясында олар дашбордтар құру, жасанды интеллект агенттерін әзірлеу, OSINT-талдау және NotebookLM платформасымен жұмыс істеу бойынша дәрістер тыңдады.
Теориялық білімді тәжірибеде қолдануға да ерекше назар аударылды. Тыңдаушылар практикалық тапсырмаларды орындап, промпт құрастыру дағдыларын жетілдірді, құжат айналымын автоматтандыру мен үлкен деректер массивтерін талдау тәсілдерін қарастырды. Сондай-ақ нейрондық желілермен жұмыс істеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері зерделенді.
Оқу қорытындысы бойынша емтихан өткізіліп, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жаңа білім мен дағдылар цифрлық құралдарды полиция қызметіне енгізуге, ақпаратты өңдеу үдерісін жеделдетуге және қызметтің жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
